Ұлттық банк 2021 жылға болжам жасады

0

Биыл Brent маркалы мұнай бағасы жиі құбылумен болды. Негізінен барреліне 35-40 доллар аралығында өзгеріп тұрды. Соған байланысты валюта нарығында да тұрақсыздық орнады. Жыл соңына қарай азық-түліктің қымбаттауы қатты байқалды. Мұның әрқайсында пандемияның «үлесі» зор. Осы орайда, Ұлттық банк (ҰБ) келер жылға арналған макро экономикалық болжамын жария етті.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, келер жылы әлемдік мұнай бағасы барреліне 48,3 доллар көлемінде болмақ.

– 2020 жылға арналған ЖІӨ болжамы азаяды деп түзетілді, шамамен 2,5–2,7 пайыз аралығында. Көбіне бұл шын мәніндегі ЖІӨ-нің айтарлықтай төмен траекториясымен және елдің жекелеген өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауымен байланысты. Әлемдік экономика мен ішкі сұраныс қалпына келген соң, ЖІӨ 2021 жылдың екінші жарты жылдығында жағымды зонаға қарай ауысады. Келесі жылдың қорытындысы бойынша өсім қарқыны 3,7–4,0 пайыз болады. 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында осы өсім қарқыны сақталады деген болжам бар, деді Баймағамбетов.

Сарапшының айтуынша, эпидемиологиялық жағдай жақсарса – тұтынушылар белсенділігі артады, еңбек нарығында оң өзгеріс байқалады, халық табысы мен тұтыну несиесі көбейеді, соған сәйкес инвестициялық белсенді әрекеттер пайда бола бастайды. Сонымен қатар эксперт 2021 жылдың соңында инфляция мөлшерін 4,6 пайыз аралығында күтетіндерін де мәлімдеді.

– COVID-19 пандемиясы басталғаннан бері біз азық-түліктің жылдық бағасы қарқынды өскенін байқауға болады. Негізінен бұл ТЖ режимі кезінде және шекаралар жабылған кезде жеткізу тізбегінің бұзылғанына байланысты. Азық-түліктің жекелеген түрлеріне, яғни, халық иммунитетін күшейту үшін тұтынатын азық-түлік түрлеріне (сарымсақ, зімбір, жемістер, атап айтқанда цитрус жемістері) деген сұраныстың артқанын байқауға болады. Осы кезеңде халық азық-түлік түрлерін болашақта пайдалану үшін көп сатып алғаны анықталды. Азық-түлік инфляциясының осыған ұқсас қарқынды өсімі әлемнің көптеген елдерінде көрініс тапты, деді ҰБ өкілі.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.