Ұлттық банк коронавирустың қағаз ақша арқылы таралатынына қатысты пікір білдірді

68

Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналымы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов коронавирустың қағаз ақша арқылы таралатынына қатысты пікір білдірді.

«Банкноттарда COVID-19 вирусының «өмір сүру мерзіміне» байланысты бірнеше нұсқа бар. Бір мәліметке сәйкес, бөлме температурасында вирус қағаз ақшаның бетінде 28 күнге дейін, ал басқа ақпаратқа сәйкес, 24 сағатқа дейін өмір сүреді. Ал Еуропалық орталық банктің мәліметінше, бірнеше сағаттан кейін банкноттарда COVID-19 іздері жоғалады. Біздің ойымызша, вирустың банкнотта қанша уақыт болатынын анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізу керек», — дейді Жомарт Қажымұратов.

Оның айтуынша, Ұлттық банк қағаз ақшаларды айналымға шығармас бұрын оларды банктік қаптамада кемінде 14 күн сақтайды. Кейін мамандар ақшаны сұрыптауға және есептеуге кіріседі. Вирустың «өмір сүру» ұзақтығы бойынша әртүрлі нұсқалардың болуын ескере отырып, індеттің таралуын алдын-алу мақсатында қолма-қол ақша қайта есептелгенге дейін 45 күн бойы ашылмай сақталады.

«Сондықтан Ұлттық банктен айналымға түсетін банкноттардың бетінде COVID-19 вирусының болу ықтималдығы шамалы. Біздің ұсынысымызға сәйкес екінші деңгейлі банктер, «Қазпошта» АҚ және инкассаторлық ұйымдар банкоматтар мен кассалық техниканы өңдеуді жүзеге асырады.

Өз тарапымыздан ДДҰ және Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын басшылыққа алуға кеңес береміз: гигиена ережелерін сақтау, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану», — дейді департамент директоры.

 

Tengrinews.kz