Қым-қуыт тірлік қызған шақ
Қым-қуыт тірлік қызған шақ
Таулы өңірде орналасқан Жуалы ауданы үшін ауыл шаруашылығы да маңызды салалардың бірі саналады. Биыл аудан шаруалары да жылдағыдан да белсенді жұмыс істеді. Соның нәтижесінде малдың басы да артып отыр, егістіктің көлемі де көбейіп келеді. Бұл әлбетте елдің ырысын еселеп, қамбаның да, халықтың да тоқ болуының бірден бір кепілі. Дәл қазіргі уақытта Жуалы ауданында жиын-терім науқаны қызу жүруде. Шаруалар арпа-бидайды орып алып, қамбаға қызыл дәнді толтырып үлгерді. Арпа-бидай мен майлы дақылдардың ішіндегі мақсары дақылын көбінесе ауданның таулы аймағында орналасқан ауылдық округтің шаруалары егеді. Ал суармалы егістік, оның ішінде картоп, күнбағыс, бақша дақылдары көбінесе ауданның Ақсай, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Көкбастау, Қызыларық, Ақтөбе және Қарасаз ауылдық округтерінде егіледі.
Қызыларық ауылдық округінің шаруалары қазір алқаптағы картобын қазып алып жатыр. Округте белсенді әрі өнімді жұмыс істеп жатқан шаруалардың ішінен «Садирова» шаруа қожалығын айтуға болады. Сәрсекүл Садирова басқаратын аталған шаруашылықтың 312 гектар егістік жері бар. «Қимылдаған қыр асады» демекші, шаруа жыл сайын егін егу арқылы өнімділікті арттырып, жемісті жұмыс істеп келеді. Биыл 40 гектарға күнбағыс егілсе, 30 гектарға арпа, тиісінше, 40 гектарға күздік бидай егіпті. Қалғаны жоңышқалық, мал азығы үшін егілетін көпжылдық шөп. Биыл «Садирова» шаруа қожалығы картоп алқабының көлемін 32 гектарға ұлғайтып отыр. Атап айтқанда алқапқа «Импала», «Бюрена», «Алладин» деп аталатын картоптың элиталы сұрыпты түрлері егіліпті. Алынған өнім де жаман емес. Шаруашылық мүшелерінің айтуынша, әр гектардан 20 центнерден өнім жиналуда. Шаруа қожалықтың «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының маңындағы картоп алқабында қазір жұмыс қызу. Мұндағы күзгі жиын-терім жұмыстарына қожалық инженері, су шаруашылығының ардагері Серік Садиров басшылық етуде.
Серік Садиров жан-жақта қызметте жүрген балалары да картоп қазатын уақытта жұмыстарынан демалыс алып, ауылға арнайы келетінін айтып қалды. Тіпті немерелері де науқан аяқталғанша осында жүріп, қол ұшын береді екен.
Десе де ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Үкімет биыл картоп өндірушілерге аз да болса көңіл бөліп, төмен пайыздық несиемен трактор берген. Жаңа «LOVOL» маркалы тракторы жер жыртып, оны өңдеуге жаңа күш әкелгендей. Шаруалар картоптың элиталы тұқымдарын да алып жатыр. Одан бөлек картоп тұқымын отырғызатын, қопсытатын және дайын өнімді жерден қазып алатын агрегаттарының бәрі жеткілікті. Екі-үш жүк көлігі және бар.
«Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөздің жаны бар. Қазіргі таңда ауыл-ауылдарда егін және мал шаруашылығын дамыту арқылы тұрмысын түзеп, айналасындағыларға да жұмыс көзін тауып беріп жатқан еңбекқор азаматтар баршылық. Солардың бірі – біз сөз еткен бұрынғы инженер-гидротехник Серік Садиров. Кезінде «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының директоры қызметін абыроймен атқарған ол бүгінде Сұрым ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін де атқарып келеді. Егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығын да дамытуды қолға алып, 50 сауын сиырға арналған үлкен кешеннің құрылысын аяқтапты. Яғни егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығымен де тұрақты айналыссақ деген жоспарлары бар.
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Жуалы ауданы