Экономика

Қырғыздағы қазақ бизнесі саяси ахуал тұрақталмаса не істейді?

Қырғыздағы қазақ бизнесі саяси ахуал тұрақталмаса не істейді?

Еліміздің Сыртқы іс­тер министрлігі өткен апта­да Қырғыз еліндегі қазақ­стан­дық инвесторларға тие­сілі кәсіпорындарға ша­буыл жа­салғанын айтып, алаң­дау­шылық білдірді. Себебі ол кәсіпорындарда еңбек ететін қазақстандықтарға күш жұм­салған, кәсіп­орын­дар мүл­кін жою дерегі тір­келген. Сондықтан қыр­ғыз та­рапын Қа­зақстан аза­­мат­тары мен қа­зақстан­дық ком­паниялардың қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің шұғыл шарасын қабылдауға ша­қырды. Содан бері не өз­гер­ді? Көрші елдегі саяси тұ­рақсыздық реттелмесе, қазақстандық кәсіпкерлер қандай шешім қабылдауы мүмкін?

БІР АПТАДА 8 МЛРД. СОМ ЖОҒАЛТТЫ

Ел экономикасын дамытуды көздеген кез келген мемлекет шетелден инвестиция тартады. Сол сияқты өзге елге инвестиция құйып, көмек бере отырып, табыс табады. Мысалы, қазақстандық компаниялар соңғы жылдары Қырғыз экономикасына 1 млрд АҚШ долларынан астам инвес­тиция құйып, сол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қос­ты. Алайда көрші елдегі 5 қазанда басталған дүрбелең қаржы құятын елді дұрыс таңдамасаң, тапқан-таянғаныңнан тез-ақ айырылуың мүмкін екенін көрсеткендей.

Бірнеше күнге созылған саяси тұрақсыздықтың салдарынан қырғыз экономикасы 8 миллиард сом жоғалтыпты. Қырғыз на­рығына шығуды жоспарлаған шетел­дік инвесторлар келіс­сөз­дерді тоқтатып жатыр. Салдарынан шамамен 210 миллион долларды құрайтын жиырмадан астам келісім­шарт пен бизнес-жоба­лардың күші жойылыпты. Бұл туралы қырғыздың Ұлттық іскер­лер қауымдастығы альянсының билік органдарына жолдаған үндеуінде айтылады.

«Рейдерлік жолмен басып алу, мүлікті қайта бөлу қаупі сейілмей тұр, ұйымдасқан қылмыстық топтар мен тонаушылар әлі де белсенді. Мемлекеттік бюджетті толықтыру көзі саналатын инвесторлар мен кәсіп­орындарды қорғаудың тиімді тетіктері жұмыс істемейді, бұл инвесторлар мен жұмыссыз қалу қаупі бар коммерциялық кәсіпорындар қызметкерлерін алаңдатып отыр» делінген хабарламада. Бұл хатты қырғыздың іскерлік қауымдастығы кеше жариялапты. Демек, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі алаңдаушылық білдіргелі бері арада өткен 5 күнде жағдай өзгермеген.

 

БІР МӘЛІМДЕМЕ – ҚОС ПІКІР

Бір қызығы, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесін сарап­шылар түрліше сараптайды. Мысалы, қаржы жөніндегі сарапшысы Бауыржан Мұқанов қырғыздардың көтерілуінен қазақ бизнесіне келер қауіп жоқ деген пікірде.

Ал GSB UIB бизнесті талдау орталы­ғының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қай елде сайлау болса, сол елде инвестиция азаятыны заңды дейді. Себебі инвесторлар әліптің артын бағады.

Әдетте сауатты инвестор сыбайлас жем­қорлығы жоқ немесе неғұрлым аз мемлекетке баруға тырысады. Өйткені ол мемлекетте заң үстемдік құрған деп саналады. Ал енді бір теріс пиғылды инвестор жемқор­лық жайла­ған мемлекетті таңдайды. Себебі ол жақтағы билікті ақшамен сатып алу арқылы заңсыз жолмен баюды көздейді. «Ал Қазақстанның қырғыз еліне инвестиция құюына бірінші кезекте жақын орналасуы себеп және жұмыс күшінің арзандығы да қызықтырған деп ойлаймын», – дейді сарапшы. Яғни, қазақ­стандық олигархтар әлі де болса, инвестиция құятын елді дұрыс таңдауды меңгермеген сыңайлы.

ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕГІ ҚАЗАҚ БАЙЛАРЫ

Қазақстан бизнесінің бұған дейін де қырғыз экономикасына қаржы құйып келе жатқанынан хабардармыз. Алайда ірі инвесторлар үштігіне енгенін Kursiv.kz сайтынан анықтадық. Бірінші орында Қытай тұр – қырғыздарға құйған инвес­тициясы 51,6 млн АҚШ долларын құрайды. Екінші орында 30,1 млн доллар құйған Нидерланды тұр, ал Қазақстан 20,6 млн доллар салып, үшінші орынға көтерілген. Себебі Ресейдің қырғыз экономикасына салған инвестициясы былтыр да, биыл да құлдырап кетіпті. Соның есебінен үштікті тәмамдау бізге бұйырыпты. Бұл мақтанатын жағдай ма?

Айтқандай, Қырғыз еліне ақша салған байларымыздың кім екенін де Kursiv.kz тізіп шығыпты. Сонымен, қырғыздағы қазақ­стандық капитал иелері тізімін қазақстандық миллиардер Владимир Ким бастайды. Ол Қырғыз Республикасының Жалал-Абад облысындағы Бозымшақ мыс кен орнында өндіріс жұмысын атқаратын KAZ Minerals PLC акцияларының 33,4%-ына иелік етеді. Саяси тұрақсыз жағдайға байланысты атал­ған кен орнында жұмыс тоқтатылғанын жоғарыда жаздық.

Қырғыз еліне қомақты қаржы құйған кезекті олигархымыз Болат Өтемұратов екен. Оған Sky Mobile LLC (Beeline байланыс операторы) мен «Южно-Кир­гизский Цемент» ЖАҚ-ның 49,9%-ы тиесі­лі көрінеді. Forbes Kazakhstan тізіміне енген Арманжан Байтасовтың қыр­ғызстандық NBT телеар­насының иесі екенін көпшілік біле бермейді. Ол бұл арнаны сонау 2005 жылы алтыжылдық келіссөзден кейін сатып алғанын ашық дереккөзден анықтадық.

Қазақстанда өндірілген сусындардың дистрибьюторы саналатын RG Brands Kyrgyzstan компаниясының иесі Қайрат Мәжі­баев та отандасымыз болып шықты. Біш­кектегі Technodom Оperator-дың иесі – миллионер Эдуард КИМ де өзіміздің бай кәсіпкерлердің бірінен саналады.

Қазақстандық миллиардерлер қатарын­дағы Құлыбаевтар отбасы да «Қазақстан Халық Банкінің» Қырғыз еліндегі еншілес компаниясын ашқан. Бірақ бұл банктің ресми парақшасында қысқартылған жұмыс күні туралы хабарландыруды көзіміз шалды. Айтқандай, көрші елдегі тағы бір банк – «Қырғыз Оптима Банкінің» 97,14 пайыз акциясының иесі де – қазақстандық. Кәсіп­кер Ғалымжан Есеновті қазақ­стандықтар АТФ Банктің иесі ретінде тани­тын. Енді оның «Қырғыз Оптима Банкінің» де қожасы екенін білетін болдық.

1 МЛРД ДОЛЛАРДЫҢ КЕЛІСІМІ ОРЫНДАЛМАУЫ МҮМКІН

Оның дерегінше, соңғы сайлаудан кейін инвестиция көлемі қайта өсе бастап, былтыр 300 млн долларға жуықтаған екен. Бұл Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліне былтыр жасаған екікүндік іссапарына байланысты. Сол сапарда тараптар ынтымақтастықтың жол картасын жүзеге асыру туралы келісіп, екі ел арасындағы тауар айналымын 1 млрд дол­ларға көтеруді жоспарлаған. Содан кейін тауар айналымы әжептәуір өскен екен. Бірақ енді жағдай қалай бағыт ала­­­тыны белгісіз. Сарапшылардың ай­туын­ша, көрші елдегі саяси тұрақ­сыздық­тан соң 1 млрд доллардың жоспары орын­далуы екіталай. Себебі көрші елден кәсіп ашқан­­дар бір аптадан бері бас ауруының емін таба алар емес. Ал қазақ бизнесі қыр­ғыз елінде қала ма? Бұл сұрақ­тың да жауа­бы бірыңғай емес. Мысалы, эконо­мист Мақсат Халық жағдай осылай жалғаса бер­се, қазақстандық инвесторларға мүлік­терін сатып, елге ора­лудан басқа амал қал­май­­ты­­нын айтады. Ал Бауыржан Мұқанов қанша аумалы-төкпелі заман болса да, көрші елдің саясаты мен қазақ бизнесі біржола ат құйрығын кесісе ал­майды деген пікірде. Себебі оларға ақша, бізге олардың нарығы керек.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ