Жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүруде
Жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүруде
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бейне-байланыс режимінде өткен кезекті аппараттық кеңесте жұмыспен қамту, еңбек заңнамасын бұзу және алдағы мерекелерге дайындық барысына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков жыл басынан бері «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында 72,7 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылғанын айтты. Тұрақты жұмыс орындарының үлесі 62,5 пайызды құраған.
«Еңбек» бағдарламасы бойынша 1323 тұрғын 5,1 миллиард теңгенің шағын несиелеріне қол жеткізген, 6701 адам 3,68 миллиард теңгенің қайтарымсыз гранттына ие болған. 1627 адам қысқа мерзімді оқудан өтсе, 2459 маман жастар практикасына жіберілген. Ал 1567 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, қоғамдық ақылы жұмысқа 13348 адам тартылған.
Жорабек Баубеков барлық осы тармақтар бойынша жоспардың толық орындалмағандығына назар аударды. Аймақ басшысы аудан әкімдерінен бөлінген ақшаның жыл соңына дейін игерілуін қамтамасыз етуді талап етті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 64,2 миллиард теңгені құрайтын 809 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазірдің өзінде 708 учаскеде құрылыс жұмыстары аяқталды. 20 043 жұмыс орны құрылды, жоспар 2,2 пайызға артығымен орындалды.
Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардың 676 өтініші қаралғанын хабарлады.
Сонымен қатар ол жұмысшыларына жалақыны уақытылы төлемейтін кәсіпорындар туралы тоқталып өтті. Облыс әкімі өзінің орынбасарлары Алмас Мәдиевке кәсіпорындардың қарыздарына қатысты мәселені шешуді, Ержан Жылқыбаевқа бюджет қызметкерлерінің жалақыларын уақытында алуын бақылауды тапсырды. Ол Қоғамдық кеңестерді осы іске атсалысуға шақырды.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов Тұңғыш Президент күніне, Тәуелсіздік мерекесіне, Әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Бауыржан Момышұлының 110, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады.
Ол аталған мерекелердің тәрбиелік мәні зор екенін тілге тиек етті.