Экономика

Жамбылда әлеуметтік осал топтағы адамдар 1,5 млрд теңгеге жуық қаражаттың қайтарымсыз гранттарын алған

Бұл қаржы осы топқа жататын 1045 адамға арналған

Еңбек мобильділігі орталығының маманы Әсет Доспамбетовтың айтуынша, биыл облыста 1008 адамға грант беру жоспарланып отыр. Оған 1 млрд 488 млн теңге бөлінген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Әсет Доспамбетовтың берген мәліметіне сүйенсек, республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты алу үшін әлеуметтік осал топтағы тұрғындар 7 санат бойынша қатыса алады. Ең маңыздысы, қатысушы «Бастау бизнес» жобасы аясында білім алуы керек. Осылайша комиссия оң шешім шығарған тұлғаға 1млн 476 мың теңге береді.

Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлікті қолдау аясында да грант беріліп жатыр. Кәсіпкерлік басқармасының бас маманы Айжан Жүнісбаеваның айтуынша, қайтарымсыз грант беру ережесіне сәйкес, құжат қабылдау 2021 жылдан бері kezekte.kz порталы арқылы жүргізіледі. Жылда бөлінетін қаржы 21 млн теңге. Маманның сөзінше, әр кәсіпкер 5 млн теңгеден ала алатынын есепке алғанда жылына 4-5 кәсіпкер жаңа жобасын іске асырады. Бірақ, биыл жаңа грант түрлері шығуы мүмкін екенін де айтты.

Кәсіпкерлік басқармасының өкілі берген мәліметке сүйенсек, биылдан бастап қайтарымсыз грант жас кәсіпкерлерге емес, «Бір ауыл - Бір өнім» бағдарламасының финалистері мен әлеуметтік кәсіпкерлерге беріледі. Айта кетерлігі, әлеуметтік кәсіпкерлердің  4 санаты бойынша құжат қабылданады.

«Грант беру жүйесі цифрландырылғалы қаржысын алып, жобасын аяқсыз қалдыратындар жойылды» дейді бас маман. Оның сөзінше, соңғы 3 жылда 14 кәсіпкерге қайтарымсыз грант берілген. Өткен жылы 5 млн теңгеден алған 4 кәсіпкер Жамбылда таңсық, инновациялық жобаларды іске асырған. Ал, биыл құжат қабылдау наурыз айында басталады.

Құжат қабылданатын мерзім 10-15 күн аралығы. Әрі қарай комиссияға кәсіпкердің өзі қатысады. Құжаттарын өткізіп, өзі естиді, өзі талқылайды. Сұрақтарына жауап береді. Содан кейін әрі қарай шешім қабылданады,- деді басқарма өкілі