Жамбылдықтар жүгеріден мол өнім жинамақ

0 92

Жүгері – астық тұқымдасына жататын дақылдардың бірі. Кезінде Еуропалықтар Оңтүстік Американы ашқан кезде «Маис» деп аталатын осы күнгі жүгері дақылдарын кезіктірген. Оның алғашқы өнімін Еуропаға Христофор Колумб әкеліп, Испан короліне сыйға тартқан. Ал, кейіннен жүгерінің орныққан жері Молдавия болған. Келе-келе біздің жерге жетіп, әдемі шашағымен, балаусасымен көңіл баурап алғаннан болар, халқымыз жүгеріні «дала аруы» деп атап кеткен.
Нақтырақ айтқанда, осыдан 60 жыл бұрын елімізге жеткен бұл дәнді дақыл ауданымызда да егіле бастады. Қазір де егіледі. Бірақ, мынадай нарықтық заманда әркім, әр шаруашылық көрпесіне қарай көсіліп еңбек етіп жатыр.
«Дала аруы» туралы бұл әлқисаны осылай бастаған аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маман-агрономы Амангелді Әбдібеков әңгімесін қайта жалғап: – Адамға да, малға да азық болатын жүгері қоректі дән болып табылады.
Аудан бойынша ағымдағы жылы «Қызылдиқан» өндірістік кооперативі, «Тимофеев», «Алтын бидай», «Ақкөл», «Дүзей», «Үміт», «Айтназаров», «Әметқұлов», «Камила» және басқа да шаруа қожалықтары жалпы 1749 гектарға жүгері тұқымын септі. Тап қазір сол шашақты жүгерілер бойларын түзей бастаған. Бүгінде барлық шаруашылық науқан алды даярлық жұмыстарын бастап кетті. Науқанға 15-16 адам, 5 жүгері оратын комбайн, 15 көлік тартылатын болады, – деді.
Жүгерінің пісіп-жетілетін мерзімі – қазан айы екенін ескерсек, арпа, бидайға толған қызыл қырман жүгері дәнімен толыса түсетін күн де алыс емес деп пайымдағанбыз біз де.

Дүйсенбек Орманов

Leave A Reply

Your email address will not be published.