Жерді алдың ба? Пайдалан!

0 153
Қалада да, ауылда да пайдаланусыз жатқан жер жетеді. Ондай жердің иелері әлдебір құрылыстың іргетасын қалап қояды немесе қоршайды да ары қарай құрылысын жүргізуді «ұмытып» кетеді. Тіпті, іргетасы қаланып, қоршалмақ түгілі бос жатқан жер әр аймақтан да кездеседі. Сұрастырып көрсең «Ол жерді түгенше ана жылы сатып алған» дейді білетіндер. Жерді алған соң пайдалану керек. Бұл мәселе облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының бас ауруына айналғаны қашан.
Облыстық әкімдікте өткен «Облыс көлемінде құрылысқа арналған жер учаскелерін мақсатты пайдаланбаған жер иелеріне шара қолдану және мәжбүрлеп алып қою туралы» өткен жиында мәселе қабырғасынан қойылды. Жиынға облыстық, Тараз қалалық соттарының судьялары, облыстық, қалалық прокуратураның прокурорлары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары қатысқанынан мәселенің аса маңызды екені сезілді.
Облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек өңірде мақсатты пайдаланылмаған құрылысқа арналған жер учаскелері және құрылысы аяқталмаған «сақалды құрылыстар» бүгінгі күні өзекті мәселеге айналғанын жеткізді. Басқарма тарапынан Жер Кодексінің 92 -бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, аталған бұзушылықтар бойынша тексеру жүргіліп жатса керек. Былтыр басқарма тарапынан Тараз қаласы бойынша тексерілген 149 жер учаскесінде 27 заң бұзушылық анықталған. Жер иелеріне заңбұзушылықты жою туралы бір жылға нұсқама беріліп, Тараз қалалық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімі тарапапынан жер учаскелеріне ауыртпашылық қойылуға жолданып, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан салық мөлшері 10 есеге ұлғайтылыпты.
Басқарма тарапынан құрылысқа арналған жер телімін мәжбүрлеп алып қою бұрын соңды орын алмаған. Биылғы екінші тоқсаннан бастап басқарма тарихында алғаш рет бес жеке тұлғаға қатысты сотқа талап-арыз жолданыпты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Гүлжамал Тәжиева, облыстық және Тараз қалалық сотының судьялары Марлен Тілеубеков, Айман Джамбырбаева, облыстық, қалалық прокуратураның прокурорлары, жерге қатысты құрылымдардың басшылары өз ойларын ортаға салды. Сөз алған құзырлы орган өкілдерінің бәрі де заң талаптарының орындалуын айтады.
Құзырлы органдармен жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылайтын басқарма қосыла отырып, енді ұзын арқан кең тұсауға жол бермейтін сияқты. Сондықтан жер алып, рахатын көрем деген әрбір азаматтың ойланғаны абзал.
Leave A Reply

Your email address will not be published.