Жол жөнделсе, тұрмыс та түзеледі
Жол жөнделсе, тұрмыс та түзеледі
Індеттің жедел тарауы ел экономикасына соққы болып тиіп, сан салаға айтарлықтай салмақ түскені рас. Дегенмен елімізде коронавирус пандемиясы тарала бастағаннан-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көптеген әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар қолға алынды. «Жыл бойы саяси және экономикалық салалар бойынша көптеген реформалар жүзеге асырылды. Бұл саясат алдағы кезеңдерде де жалғаса береді» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында.
Президент тапсырмасы облысымызда да тиянақты жұмыстардың жүргізілуіне түрткі болды. Ал елімізде төтенше жағдай жарияланып, жағдай күн санап қиындай түскенде «Биыл бар күш індетпен күреске ғана жұмылдырылып, басқа өзекті мәселелерге көңіл бөлінбейтін болады» деп сәуегейлік жасағандар да болды. Рас сәуегейлер айтса айтқандай, көп күш індеттің таралуына жол бермеуге, алдын алуға жұмсалды. Дегенмен халықтың тұрмысына, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерді шешу де айрықша назарда болды. Тіпті бұрнағы жылдардан ерекше қарқын алды. Мәселен биыл бір ғана Тараз қаласы көшелерін және жаяу жүргінші жолын (тротуар) орташа жөндеуден өткізу үшін 100 жоба қолға алынып, халық қуанышын еселеді. Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы бағдарламасы аясында құны 3,334 миллиард теңгеге орта жөндеуден өткен көшелер мен жаяу жүргінші жолының жалпы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайды. Тараз қаласы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Дамир Аймановтың айтуынша, қазіргі таңда аталған 100 жоба бойынша жұмыстар толық аяқталған. Жалпы қазіргі таңда облыс орталығындағы қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 51,2 пайызды құраса, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жөнделген көшелердің нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 57 пайызға жететін болады. Өз кезегінде Дамир Қалдарбекұлы қала әкімдігі атынан құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияларға алғысын жеткізді. Қала тұрғындарының да мердігерлерге айтар алғысы шексіз. Облыс әкімі артқан жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, елдің алғысына бөленген мердігер компаниялардың бірі – «Арайстроймаркет-2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік директорының жол құрылысы саласы бойынша орынбасары, жас та болса бас болып жүрген Алмаз Әлімжанов ең маңыздысы жауапкершілік, талап пен тәртіп болса қиюы келіспейтін шаруа жоқ екенін айтады. – Менің ойымша ең маңыздысы – жауапкершілік. Жауапкершілікті жіті сезінген адам сенімге селкеу түсірмей, жұмысын тап-тұйнақтай етіп бітіруге барын салады. Сондықтан да мойнымызға үлкен жүк алғаннан кейін дер кезінде әрі сапалы бітіруге барымызды салдық. Әрине «Арайстроймаркет-2003» кеше ғана құрылған серіктестік емес. Салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар. Жыл сайын жол жөндеу жұмыстарының алдыңғы шебінен табылады. Ал ағымдағы жылы серіктестік Тараз қаласында жалпы ұзындығы шамамен 10 шақырымнан асатын алты көшенің жолын жөндеді. Жол жөндеуге 50-ге жуық техника және 150-ге жуық адам жұмылдырылып, жоспарлы жұмыстар уақытында аяқталды. Жұмысшылардың төменгі жалақысы 120 мың болса, жоғары жалақы 250 мың теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жол жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Он төрт шақырымды құрайтын Қаратау-Жаңатас жолы және Талас ауданы Қараой ауылында 8,3 шақырым жолды жөндедік, – дейді Алмаз Әлімжанов. Осылайша ел экономикасының еңсесін басқан пандемияға қарамастан қала тұрғындарын толғандырып келген ең бір өзекті мәселе біршама шешімін тапты. Жол азабы әлдеқайда азайды. Енді қала қонақтарына шаһарымыздың айшықты ажары, көрсе көз тоятын кескін-келбеті, көрікті көшелерімен қатар тақтайдай тегіс жолдары әдемі әсер сыйлайтын болады.
Т.Берікбайұлы