Экономика

Жуалыда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде

Жуалыда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде

Жуалы ауданының орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналғандай. Ауыл әкімі Көбейсін Хайралаповтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген 219 млн теңгеге ауылдағы 14 көшенің 11 шақырымнан астам жолына орта жөндеу жүргізілуде. Жұмыстар маусым айында басталған.

Атап айтқанда, Қонаев, Бәйтерек және Абай, Мұнайшы, Иманбеков, Парасат және әл-Фараби, Рысбек батыр, Ш.Үлеков, Ы.Алтынсарин, З.Толымбаев, Жібек жолы көшесінің екінші қиылысы, Алатау, Жібек жолы көшелері орта жөндеуден өтуде.

Тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан бұл жұмыстардың сапасына аса мән берілуде. Құрылыстың сапалы орындалуын «Амаль» ЖШС бақыласа, жобаның авторлық қадағалушысы «Тараздорпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған көшелердің жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отырғандықтан мердігер компания 37 адамды жұмыспен қамтыған. Бүгінде ауылдағы көшенің құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалған. Мердігер компания 11 қыркүйекте жұмысты аяқтауды жоспарлап отыр.

Қонаев атындағы көшенің бойында Халық банкі, балалар жазғы демалыс орталығы, мәдени-демалыс саябағы, аудандық орталық мешіт орналасқан. Бұл көшеде жалпы ұзындығы 1,4 шақырым жол орта жөндеуден өткізілуде. Дәл қазір мұнда тұрғындардың көптен бергі сұранысымен көшенің бір қапталына нөсер жауынды ағызып әкететін бетон науалар орнатылып, жаяу жүргіншілер соқпағы төселген.

Аудандағы бірқатар көше жөндеу жұмыстарымен мердігер ұйым «L-VITA Temp stroy» ЖШС шұғылдануда. Құрылыс басында серіктестіктің 20-ға тарта арнайы техникасы, соның ішінде «HOWA» ауыр жүк мәшинесі, жол тегістегіш, тиегіш, әмбебап экскаватор, асфальт төсегіш техникасы жүр.

Серіктестіктің учаске бастығы Сәкен Шубаев бастысы сапаға мән беріп, жөндеу жұмыстарының жобаға сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады. Бүгінгі күні белгіленген көше ішіндегі Алатау, Бәйтерек, Мұнайшы, Парасат, Рысбек батыр, Иманбеков көшелерінде асфальт төсеп, пайдалануға берілгендігін жеткізді. Сонымен қатар, ол серіктестікте 37 жергілікті тұрғын, одан бөлек, компанияның өзге жұмысшылары жұмысты жүргізіп жатқандығын, жұмысшылардың жалақылары уақтылы төленіп отырғандығын айтып өтті.

Көше тұрғындары жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының кестеге сай әрі сапалы жүргізілуіне тиісті орындар тарапынан мән берілу қажеттігін, жалпы мердігердің жұмысына көңілі толатынын айтады.

-Біз Бәйтерек көшесінде 20 жылдан астам уақыттан бері тұрып жатырмыз. Көпбалалы жанұямыз. Тұрғындарға сапалы дүние керек. Осы уақыт ішінде бұл көше бұлай жөнделмеген. Ал, қазір көшенің сәні кіріп, жаңаланып қалды. Бұл да керек дүние. Заман талабына сай бәрі жаңарып, жаңашаланып жатыр. Ауылдың көшелері кезең-кезеңімен жөнделіп, жарықтандырылуда. Сейіл құрып демалатын орталық саябақ та жөнделу үстінде. Барлығы тұрғындардың игілігі үшін жасалуда. Бұл үшін қаншама жан тер төгуде. Мәселен, мына күннің ыстығында жұмысшылар асфальтты төсеп, ел қамы үшін жұмыс істеп жатыр. Еңбекті бағалау керек. Жұмыстың оңайы жоқ, - деген Бәйтерек көшесінің тұрғыны Нағима Жайбергенова қуанышты жағдайдың орын алып отырғанына ризашылығын білдірді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

Жуалы ауданы