Жуалылық кәсіпкер жүз миллионнан астам теңгеге көмек көрсетті

0 44

Қазіргі кезде қоғамды қос бүйірден қысып, тіпті әлемді әбігерге салып отырған коронавирус індетімен күрес мемлекет тарапынан жүйелі жүргізілуде.

Одан бөлек, жекелеген кәсіпкер азаматтар да кеңдік танытып, қауіпті кеселмен күресте белсенділік танытуда.

Мұндай Атымтай Жомарт азаматтар Әулиеата өңірінде де аз емес. Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген белгілі кәсіпкер Талғат Тұрымбаев аудандық орталық ауруханаға жалпы құны 100 миллион теңгеден асатын қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берді. Оның ішінде 30 оттегі баллоны, 3000 дана жеке қорғаныш киімдері, 5000 дана №95 респираторлар және 10 дана оттегі концентраторлары бар.

Сондай-ақ, аудандағы орталық аурухананың мамандандырылған жылжымалы көліктер паркі жаңа заманауи көпфункционалды реанимобильмен де толықты. Аталған жылжымалы реанимобильдің өзі 40 миллион теңге тұрады. Сонымен қатар, болашақта қосымша мобильді цифрлық диагностикалық жабдықты орнату жоспарда бар. Тағы да маңыздысы, аталған компания алдағы уақытта өңірдегі аз қамтылған отбасыларға арнап екі тұрғын үйді пайдалануға беретін болды. Кәсіпкермен Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков кездесіп, туған жеріне қолдау көрсетіп отырған азаматқа аудан тұрғындарының атынан алғыс айтты. Жуалылықтарды құттықтап, өзінің игі тілегін жеткізді. Салтанатты жиынға аудан тұрғындарымен қатар, медицина қызметкерлері де қатысты. Өз сөзінде кәсіпкер Талғат Тұрымбаев осындай қауіпті кезеңде басын қатерге тігіп, адам өмірін арашалап қалу үшін еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Жалпы, Талғат Тұрымбаев халықаралық «Kusto Group» компаниясының негізін қалаушылардың бірі ретінде танымал. 2002 жылы құрылған аталған компания Қазақстан, Израиль, Канада, Грузия, Ресей, Сингапур, Түркия, Вьетнам, Украина және Қытай мемлекеттерінде жұмыс істейді. Топ құрамында 30 компания бар болса, онда 8000-нан астам адам жұмыс істейді. Компанияның басты бағыттарының бірі қайырымдылық жасау болғандықтан, компания әуелі халықтың осал топтарына көмек көрсетіп келеді. Талғат Тұрымбаев та осы уақытқа дейін өзі дүниеге келген Жуалы топырағындағы бірқатар көпбалалы отбасылар мен мектептерге көмек көрсеткен болатын.

Жамбыл облысы

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.