Қолы қимылдаған адамға кедейшілік жоқ

Жыл басынан 8 462 азамат жұмысқа тартылған

0 92

Кез келген мемлекеттегі жұмыссыздық мәселесінің белең алуы қоғамда үлкен дүрбелең тудырады. Өйткені жұмыссыздықтың көбейюі елдегі кедейшілік деңгейінің артуына түрткі болатын басты себеп. Ал халқын кедейлік жайлаған елде болашақ болмайтыны белгілі. Сол себепті мемлекетіміз елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуді елімізде жүргізілетін саясаттың басым бағыты ретінде қарастырып, сәт сайын сан түрлі бағдарламалар қабылдап, оның жүйелі түрде жүзеге асырылуына күш салып келеді. Соның бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы.

Аталған бағдарлама әркез «Жол картасы», «Жұмыспен қамту -2020» деген секілді атауларға ие болғанымен, түпкілікті мәні жұртшылықтың тұрғылықты жерде жұмыспен қамтылуына ықпал ету арқылы елдегі кедейшілiкке қарсы күрес жүргiзуді көздейді. Тарқата айтқанда, осы бағдарлама арқылы бүгінде мемлекетіміздегі кез келген елді мекендер мен қалаларда орналасқан медицина, білім, клуб секілді әлеуметтік-мәдени объектілерге, су, кәріз, газ, жылу, электрмен жабдықтау жүйелері секілді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарына, автомобиль жолдары мен тротуарларға, бөгеттер мен дамбаларға, көпірлерге, арналарға, су шаруашылығы объектілері мен құрылысына күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп немесе жаңасы салынуда. Сонымен қоса аулалар мен көшелер, саябақтар, скверлер абаттандырылып, жарықтандыру және көгалдандыру үстінде. Бұл жұмыстар негізінен жергілікті тұрғындарды тарту арқылы жүзеге асырылады. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламар басқармасының бөлім басшысы Әлия Сапашева биыл аталған бағдарлама бойынша өңірде құны 61167,6 теңге болатын қаржыға 831 жобаны жүзеге асыру көзделгенін айтады. Соның ішінде 826 жобаның жұмысы басталып, кейбірінің құрылысы аяқталыпты.

– Аталған бағдарламаның арқасында бүгінде өңірімізде жұмыссыздық мəселесі біртіндеп болса да өз шешімін тауып келеді Мәселен биылдың өзінде өңірде 19 мың 599 жұмыс орнын құру, оның ішінде 9 мың 850 жамбылдық азаматты жұмысқа тарту жоспарланған еді. Бүгінде нақты 16 мың 435 адам жұмысқа тартылса, оның ішінде 8 мың 462-сі жұмысқа жол картасы арқылы орналасты. Жыл аяғына дейін тағы бес жобаны жүзеге асыру арқылы қалған азаматтарды жұмыспен қамтитын боламыз, – деді ол.

Бүгінде бағдарлама бойынша Тараз қаласы және барлық ауданда жұмыс ырғақты жүргізілуде. Соның ішінде ең көп жоба Қордай ауданында жүзеге асырылмақ. Бұл ауданда барлығы 144 жоба қолға алынған.

Бұдан бөлек  Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы 2 ықшамаудан бойынша № 24 үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны белгілі. Аталған шағын қаладағы бұл нысан бойынша 114 адам жергілікті жерден жұмысқа тартылыпты. Құрылыс жұмыстары «AKM Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүргізілуде. Осы тектес бұл  ауданда биыл 24 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жуалы ауданында да барлығы 28 жоба бойынша жұмыс жүргізу қызу қолға алыныпты. Жуалы ауданы әкімінің инспекторы Мұрат Мәжитов 1 жоба бір ауданда бес, бір ауданда он нысанды қамтуы мүмкін екенін айтады. Ол бағдарлама бойынша ауданда осы жылы жұмысқа тартылуы тиіс 865 адамның 433-і жергілікті тұрғындар болуы шарт екенін, бүгінде 260 жуалылық жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек дүбіріне араласқанан сөз етті. Мердігерлер өздеріне тиесілі қаржының 30 пайызын алып үлгерген. Қалған қаражат жұмыс толық аяқталғанда олардың есепшотына аударылатын көрінеді.

Жұмысшылардың еңбекақысы 85 мың теңгеден төмен болмауы қажет. Жол картасының талаптары мен шарттары бойынша іс басында жүрген азаматтардың дені жергілікті тұрғындар. Жұмысқа тартылған тұрғындар арасында жұмыссыз жастар да бар. Олар мұнда халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жолданған. Біз мақсат етіп отырған тағы бір мәселе — осы бағдарлама аясында жұрттың тұрақты жұмысқа да орналасуы. Мәселе жыл аяғына дейін ауданда 74 адамды тұрақты жұмыспен қамтыймыз деген ниеттеміз. Бұл меже бір елді мекенге ауызсу құбырын жүргізу үшін су сорғы нысаны салынса, ондағы құрылғылардың қалыпты жұмысын қадағалайтын маманды немесе жаңадан ашылған нысандарға қойылатын күзешілерді жергілікті азаматар арасынан тарту арқылы орындалады, – деді Мұрат Алматұлы.

Біз жоба аясында осы аудандағы нысандарды ағымдағы не күрделі жөндеуден өткізу немесе жаңа құрылыс нысандарын салу ісімен айналысып жатқан бірқатар мердегерлермен тілдестік. Соның ішінде «KazSıtıPlat» ЖШС  алты елді мекенге газ құбырын жүргізу арқылы бірнеше жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтуда. Ағабек Байтақов басқаратын «АСАУ инвест НИК» серіктестігі 4 бірдей орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл серіктестіктің құрылыс алаңы басшысы Ержан Сатымбеков мердігер компания жергілікті жерден 50 адамды жұмыспен қамтығанын, оның 16-сы жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа келгенін айтты.

– Біздің компания 2009 жылдан бері құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысып келеді. Содан бері облыстың бірқатар елді мекенінде су құбырларын жүргізу, әлеуметтік нысандарды салу, оларды күрделі не орта немесе ағымды жөндеуден өткізу жұмыстарымен айналысудамыз. Осы ауданда 2017 жылы бір денсаулық сақтау мекемесін салып бергенбіз. Биыл аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында №29 және №15, Талапты, Күреңбел ауылындағы орта мектептерді күрделі жөндеуден өткізудеміз. Қазір екі мектептің шатыр жабындысын ауыстырып және бір мектептің сыртын пластикпен қаптау бойынша жұмыстарды толық аяқтадық. Әр нысанда бір-бір бригада жұмыс істеуде. Бүгінде Күреңбел ауылындағы орта мектептің сыртын қаптау жұмыстары  85 пайызға аяқталып отыр. Мұнда жұмыс істеп жатқан он адамның алтауы жергілікті жерден. Оларға еңбекақы үшін 42 500 теңгені айма-ай мемлекет төлеп отырса, осындай сомадағы қаржы мердігер тарапынан да берілуде. Жұмысшылардың бір мезгіл түскі асы да серіктестік  есебінен өтелуде, – деді ол.

Әр отбасының жағдайының жақсарып, ел экономикасының қалыптасуына, әсіресе, жұртшылықты еңбекпен қамтуда оң ықпалын тигізетін осындай бағдарламалардың бұқараға берері мол. Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауылдағы жұмыссыз ағайынға тиесілі екенін де айта кеткен жөн. Мемлекеттік қолдаудың осындай түрлері барда баз біреулердің «жұмыссызбын» деп қол қусырып қарап  отыруы  бекершілік. Сондықтан жұмыссыз жүрген немесе жұмыс орны қысқарған, мамандығы маңыздылығын жойған, жұмысын ауыстыруды қалайтын, тіпті бизнеспен айналысқысы келгендердің жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына қайырылуы қажет. Мемлекет әр азаматқа қол ұшын созуға қай уақытта да дайын.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.