Жылдағыдан мол өнім алды

0 69

Ерте көктемнен бастап жаз мезгілінің соңына дейін тыным таппай, қара жер­дің қой­науынан астық өндір­ген ди­қандардың еңбегі әрқа­шан елеулі. Еліміздің әр қиы­рын­да жайқалған атырап, сары алтынға тұнған бай­тақ алқап­тар ерен еңбектің көрі­нісі.

Дәл қазіргі уақыт өңір диқандары үшін «бейнетінің зейнетін көретін» кезең. Жаз мезгілінің соңғы айы тә­ма­м­дала бере, Жамбыл облысында да егін орағы аяқталды. Қара жердің қой­­­науынан өрген сары алтын биыл да ел­дің ырзық-несібесіне орай бітік шықты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеевтің айтуынша, қазіргі уақытта өңірдегі 359,2 мың гектар алқаптан 816,6 мың тонна астық бастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 53,5 мың тонна артық өнім алынып отыр екен. Әрбір гектардан алынған орташа өнім көлемі 22,7 центнерді құрайды. Облыс бойынша әр гектардан 24,4 центнер өнім алып, Меркі ауданы көш бастады. Сондай-ақ, Қордай ауданында гектарынан 24, Т.Рысқұлов ауданында 23 және Шу ауданында 22,9 центнерден өнім алынып, облыстық деңгейден жоғары көрсеткіш көрсеткен. Қалған аудандарда да жақсы өнім алынған.

Бүгінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 4 612 841 гектарды құрайды. Оның ішінде 772 664 гектар – егістік, 177 484 гектар – суармалы жер, 3 862 гектар – көпжылдық екпелер, 116 594 гектар – шабындық және 3 583 760 гектар – жайылымдық, сондай-ақ, 135 961 гектар басқа жерлер де бар. Ал, бар нәрсені ұқсатып, пайдаланып, ел игілігіне жарату диқандардың еңбегіне байланысты.

Биыл да жылдағыдай Үкімет қол­дауының нәтижесінде өңірдегі бір­қатар шаруалар мол өнім алып, табысқа кенелуде. Мәселен, Т.Рыс­құлов ауданындағы «Қайнар Агро» ЖШС 7 мың гектар жерге күздік бидай мен арпа еккен. Аталған серік­тестік басшысы Серікжан Шоқа­­таевтың айтуынша, мемлекет қолдауының нәтижесінде техникалар алып, жұмысын жүргізіп отыр. Бұл серіктестікте бүгінде 40 адам жұмыс істейді. Сол сияқты, өңірдегі ірі серіктестік болып саналатын «Шалқар» шаруа қожалығының төрағасы Шалқар Төкеев те техника алу үшін мемлекет тарапынан субсидия алып отырған кәсіпкердің бірі. Ол жыл сайын 7 341 гектар алқапқа бидай, арпа егеді. Аталған қожалықта бүгінде 50-ге тарта адам жұмыс істейді.

«Еңбегімізге қарай жақсы өнім алдық. Үкімет қолдауының нәти­жесін­де қажетті техникаларға да қол жеткіздік. Алған өнімімізден тұ­қым­ға керегін алып қаламыз. Одан кейін жұмысшылардың еңбекақысын береміз», дейді Ш. Төкеев.

Жамбыл облысының әкімдігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы хол­дингі» АҚ және «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарының 2017-2021 жылдар аралығындағы егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру туралы меморандум қабылдаған болатын. Құжатқа сәйкес, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс бойынша егіс алқаптарының көлемін 2020 жылы 680,3 мың гектарға жеткізу межеленген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға артады деп жоспарлануда. Бүгінде облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 717,6 мың гектарды құрап отыр. Сондай-ақ егіс алқаптарын арзандатылған ми­нералды тыңайтқыштармен қамта­масыз ету мақсатында бюджеттен 1,25 млрд теңге бөлініп, жос­пар бойынша  25,5 мың тонна мине­ралды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына тарату межеленген.

Жалпы, биыл өңірде 149,7 мың гектарға арпа, ал 209,5 мың гектарға би­дай егіліп, егін ору науқанына бар­лығы 816 комбайн қатысты. Жамбыл облысы биыл жылдағыдан мол өнім алып отыр.

Жамбыл облысы

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.