1,6 мың шақырым жол және 2 мыңға жуық жаңа вагон: теміржол саласында не өзгереді
Көлік инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру іс жүзінде орындаудың белсенді кезеңіне өтті.
Бұл туралы ҚР көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылдың қорытындысы бойынша теміржол саласы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді: тасымалдау көлемі шамамен 318 млн тоннаға жетті, бұл саланың тұрақты өсіп келе жатқанын растайды. 2026 жылы тасымал көлемі 327 млн тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Бұл ретте транзиттік тасымал жыл сайынғы тұрақты өсімді 20% деңгейінде көрсетеді.
Бұған қосымша пойыздарды реттеудің заманауи жүйелері енгізілуде, бұл теміржолдардың қозғалыс қауіпсіздігі мен өткізу қабілетін тікелей арттырады.
Теміржолдарды күрделі жөндеу жалғасуда, 2025 жылы 1,5 мың шақырым жол жөнделді, ал 2026 жылы 1,6 мың шақырым жөндеу жоспарланған.
Одан бөлек 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк және заманауи 191 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарлануда. Бұл көлік қызметтерінің сенімділігі мен сапасын айтарлықтай жақсартады.
Халықаралық көлік дәліздері де қарқынды дамып келеді. Олар – Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) және Солтүстік – Оңтүстік бағыттары.
ТХКБ-ның өткізу қабілетін арттыру шеңберінде порттар инфрақұрылымын жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда, мәселен, отандық сауда флоты 4 пароммен толықтырылады. 2026 жылы контейнерлер тасымалы көлемін 90 мың ЖПЭ-ге дейін жеткізу жоспарлануда.
Келесі жылы Солтүстік – Оңтүстік дәлізі бойынша елдің батыс өңіріндегі теміржол учаскелерін жаңғырту аяқталады.
Президент тапсырмалары аясында елімізде вокзалдарды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде және 2026 жылы аяқталады.