1 шілдеден бастап ипотека бойынша шекті мөлшерлеме өзгереді
Ипотекалық несиелер арзандауы мүмкін.
Реттеуші органдар қарыздар мен микрокредиттерге қатысты жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін қайта қарап, жаңартты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Соған сәйкес, 1 шілдеден бастап ипотекалық несиелердің шекті мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға дейін қысқарады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл өзгерістерді Ұлттық банкпен бірлесіп бекітті. Тиісті қаулы 16 мамырдан бастап күшіне енеді, бірақ негізгі өзгерістердің бір бөлігі тек 1 шілдеден бастап қолданылады.
Жалпы алғанда, несиелердің көп түрі бойынша ЖТСМ бұрынғы деңгейде сақталады. Алайда кейбір бағыттарда шектеулер нақты көрсетілген:
кепілсіз банктік қарыздар үшін – жылдық 46%-ға дейін;
кепілмен берілетін банктік қарыздар үшін – жылдық 35%-ға дейін;
ипотекалық тұрғын үй несиелері үшін – 16 мамырдан бастап 25%, ал 1 шілдеден бастап 20%-ға дейін төмендейді.
Осылайша, жаз ортасынан бастап ипотека бойынша пайыздық шектеу айтарлықтай азаяды.
Ал микрокредиттер бойынша өзгеріс жоқ:
жалпы микрокредиттер үшін – жылдық 46%-ға дейін;
45 күнге дейінгі қысқа мерзімді микрокредиттер үшін – күніне 0,3% немесе жылдық 179%-ға дейін.
Бұл ретте мұндай қысқа мерзімді қарыздардың сомасы 45 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы тиіс.