18 жастағы қызды зорлады деп күдікке ілінген үш түркістандық полицей қызметінен босатылды
Олар қызметтік тексеру нәтижесінде бірден жұмыстан босатылған.
Түркістан қаласында 18 жастағы қыздың арызы бойынша жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу дерегімен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Іске күдікті ретінде ішкі істер органдарында қызмет атқарған үш полиция қызметкері қаралып отыр. Олар қызметтік тексеру нәтижесінде бірден жұмыстан босатылған.
Әлеуметтік желілерде аталған полицейлерге қатысты ауыр қылмыс жасады деген ақпарат тараған болатын. Осы дерекке байланысты Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев түсініктеме беріп, қылмыстық істің қозғалғанын растады.
Оның айтуынша, бұрынғы полиция қызметкерлерінің іске қатыстылығы сотқа дейінгі тергеу барысында жан-жақты әрі толық тексеріледі. Тергеу нәтижесінде олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға беріледі. Ал қызметтік тексеру қорытындысы бойынша аталған азаматтар ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіргені үшін теріс себептермен қызметтен шығарылған.
Қазіргі уақытта тергеу органдары істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті процессуалдық шараларды жүргізіп жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауына алынған.