Елімізде

2026 жылы қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылады

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды енгізетін кәсіпорындардың үлесі 12,9%-дан 19%-ға дейін өсті, ал олардың саны 1 мыңнан астамға дейін көбейді.

Киберқауіпсіздік құралдары 246 кәсіпорында, бұлтты технологиялар 142, өнеркәсіптік заттар интернеті және жасанды интеллект шешімдері 72, өнеркәсіптік роботтар 48 өндірісте жұмыс істеп тұр.

Спикер Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша жол картасы әзірленгенін айтты. «СарыарқаАвтоПром», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазмырыш», ERG, KAZ Minerals, «Astana Motors» сияқты ірі кәсіпорындарда 41 ЖИ-шешім жүзеге асырылуда. 

Қазіргі уақытта деректерді жинауды, сақтауды және талдауды, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен кәсіпорындар арасындағы ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін өнеркәсіптің Ұлттық ақпараттық цифрлық экожүйесі қалыптасуда. Экожүйенің негізгі компоненттері қазірдің өзінде кезең-кезеңімен іске қосылуда.

Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларын талдауға мүмкіндік беретін Tizilim мемлекеттік ақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйеде 6 мыңнан астам Тапсырыс беруші мен 900 жеткізуші тіркелген.

Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап нақты өндірістік базасы бар кәсіпорындарды ашық және атаулы қолдау үшін қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі енгізіледі.