Елімізде

2027 жылға қарай халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

2027 жылға қарай халықтың 100%-ы интернетпен қамтылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның айтуынша, соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталды. Бұл елдегі интернеттің орташа жылдамдығын 94 Мбит/с дейін арттыруға мүмкіндік берді.

Вице-премьер 2026 жылдың соңына дейін тағы 3000-нан астам ауылды магистральды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу көзделгенін атап өтті. Осылайшы ауылдардың 90%-дан астамы сымды технологиялар арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. 

Осы жобаларды жүзеге асыру үшін 2027 жылдың соңына дейін жалпы көлемі 323 млрд теңгені құрайтын инвестиция қарастырылған. Шағын ауылдардың қалған 10%-ы спутниктік технологиялар арқылы қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар Жаслан Мәдиевтің айтуынша, мобильді желілермен қамту артады. Мәселен, 4G желісі барлық елді мекендердің 92%-ына дейін жетеді. Ал 5G желісі облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалаға енгізіліп, қалалардың 60-75% аумағын қамтитын болады. 2027 жылдың соңына дейін 40 000 шақырым автожол бойы 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етіледі. 

Алаяқтықпен күресу шаралары да қабылдануда.