Елімізде

400-ден астам педагог енді конкурссыз мектеп директоры бола алады

Бағдарлама шеңберінде 411 кандидат соңғы бағалау кезеңінен өтіп, жеке сұхбатқа қатысқан

Қазақстанда 400-ден аса педагог мектеп директоры лауазымына конкурстан тыс тағайындала алады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Елімізде білім беру жүйесін жаңғыртуды көздейтін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы нәтижесін беруде. Биыл осы бастамаға қатысқан 403 педагог кадрлық резервке енгізілді. Бұл – аталған ұстаздар болашақта мектеп директоры қызметіне байқаудан өтпей-ақ тағайындалуы мүмкін дегенді білдіреді.

2023 жылдан бері іске асырылып келе жатқан жоба Президенттік жастар кадр резервінің қағидаттарына негізделген. Екі жыл ішінде бағдарлама аясында 583 педагог резервке алынған болса, олардың 419-ы (71%) бүгінде басшылық қызметке тағайындалған. Ал 40 ұстаз «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша ашылған жаңа білім ошақтарын басқарып отыр.

Болашақ білім беру көшбасшыларына арнайы дайындық курстарын өткізу үшін Кембридж Бағалау кеңесінің сертификаттарына ие, он жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби тренерлер тартылған.

Бағдарлама шеңберінде 411 кандидат соңғы бағалау кезеңінен өтіп, жеке сұхбатқа қатысқан. Соның қорытындысы бойынша 403 мұғалімге Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова кадрлық резервке енгенін растайтын сертификат табыстады.