Елімізде

Ақтөбе облысында 1100 шаршы метр аумақты шарпыған өрт сөндірілді

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Әлия ауылында ірі өрт шықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Сегіз үйдің ауласында шөп пен шаруашылық құрылыстары өртенген. Өрттің жалпы аумағы – 1100 шаршы метр.

«Ауыл құтқарушыларының жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында жалын тұрғын үйлерге таралған жоқ, осылайша 16 үй аман сақталды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт толықтай сөндірілді», – делінген министрліктің хабарламасында.

Тілсіз жаумен 188 адам және 25 техника жұмылдырылып күресті. Сондай-ақ ТЖМ, әкімдік, полиция, 20982 әскери бөлімінің қызметкерлері мен төрт өрт сөндіру бекеті тартылды.