Елімізде

Ақтөбе облысындағы ірі су қоймаларында тасқын суды қабылдауға бос орын дайындалып жатыр

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ақтөбе облысындағы «Қазсушар» РМК филиалы Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларын көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындау бойынша бірқатар іс-шара жүргізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қазіргі таңда өңірдегі үш ірі су қоймасында тасқын суды қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін жеткілікті бос сыйымдылық қамтамасыз етілді.

Атап айтқанда, Ақтөбе су қоймасында 58% немесе 141 млн текше метр, Қарғалы су қоймасында 68% немесе 192 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 61%, яғни 4,5 млн текше метрден астам бос сыйымдылық бар.

Бұған дейін осы үш нысанда да көпфакторлы кешенді тексерулер жүргізілген болатын. Олардың қорытындысы бойынша қауіпсіздік декларациялары әзірленді. Сонымен қатар пайдалануға берілген сәттен бері алғаш рет Ақтөбе және Сазды су қоймаларында кешенді реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық үш су қоймасында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің орталық басқару пультімен біріктірілген жергілікті хабарлау жүйелері жұмыс істейді. Бұған қоса, осы жүйелердің бағдарламалық қамтамасыз етуі жаңартылып, қосымша радиостанциялар сатып алынды.