Елімізде

Алаяқтық: Бас прокуратура киберқауіптің жаңа 18 түрін анықтаған

17 сәуірде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов төрағалық еткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

Жиында киберқылмыстарға қарсы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі талқыланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Кеңес жұмысына Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың жетекшілері, сондай-ақ тиісті министрліктер, қаржы ұйымдары, байланыс операторлары мен онлайн-платформалар өкілдері қатысты.

Кездесу барысында соңғы үш айда киберқылмыстар санының төмендегені атап өтілді. Атап айтқанда, биыл мұндай құқық бұзушылықтар 15,1%-ға азайып, 6 216-дан 5 275-ке дейін қысқарған. Бұл оң нәтиже мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған қылмыстық қауіптерге проактивті әрекет ету саясатының жүзеге асуымен байланысты екені айтылды.

Қауіпсіздік шараларының бірі ретінде несие беру саласында «салқындау кезеңі» енгізіліп, алғашқы қарызды рәсімдеу кезінде міндетті түрде жеке қатысу талабы бекітілді. Бұдан бөлек, қосымша қорғаныс тетіктері іске қосылды.

Байланыс саласында да бірқатар өзгерістер орын алды: SIM-бокстарға тыйым салынып, абоненттерді биометриялық тіркеу енгізілді. Сонымен қатар операторларға антифрод жүйелерін қолдану және күмәнді қоңырауларды бұғаттау міндеті жүктелді.

Дропперлік әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып, Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы күшіне енгеннен бері 446 іс тіркелген. Ұлттық банк жанындағы Антифрод орталығы арқылы 2,8 млрд теңгеге жуық күмәнді қаржы операциялары бұғатталған.

Жиында цифрлық активтер саласындағы қылмыстарға қарсы күрес, криптовалюталарды ұрлау схемаларын анықтау және виртуалды байланыс арналары арқылы жасалатын жаппай алаяқтық әрекеттердің жолын кесу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар Бас прокуратура жанынан қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылғаны айтылды. 2026 жылғы 18 сәуірден бастап бұл құрылым мемлекеттік органдарға талдамалық ұсынымдар әзірлеумен де айналысады.

Орталықтың дерегінше, алаяқтық қоңыраулардың басым бөлігі мессенджерлер, әсіресе WhatsApp арқылы жүзеге асуда. Бұл қылмыскерлердің дәстүрлі байланыс жүйелерінен тыс әрекет етіп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар SMS-бластерлерді қолдану, фишинг, дипфейк технологиялары, нөмір алмастыру және тіркелмеген SIM-карталарды пайдалану секілді 18 жаңа киберқауіп анықталған.

Айта кетейік, 2026 жылғы 4 сәуірде елімізде алғаш рет SMS-бластер қолдану дерегі тіркеліп, оның жолы кесілген.

Жиын соңында Берік Асылов халыққа киберқылмыстың жаңа тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ қаржы ұйымдары, байланыс операторлары мен онлайн-платформалардың өз міндеттерін дер кезінде орындамағаны үшін жауапкершілігін арттыру керектігін жеткізді.

Кеңес барысында киберполиция бөлімшелері мен Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы күрестегі еңбегі ерекше атап өтілді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және киберқауіптерге қарсы қорғану дағдыларын қалыптастыруға бағытталған кең көлемді ақпараттық жұмыстар жүргізілгені де тілге тиек етілді.