Елімізде

Алматы әуежайы жаңғыртудан кейін 2300-ден астам жұмыс орнын ашады

Қазіргі таңда ішкі рейстерге арналған Т1 терминалында қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр.

Алматы халықаралық әуежайы 2050 жылға дейінгі даму жоспары аясында ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Жоба нәтижесінде әуежайдың жылдық өткізу қабілеті 40 миллион жолаушыға дейін ұлғайып, қызметкерлер саны айтарлықтай артады.

Қазіргі таңда ішкі рейстерге арналған Т1 терминалында қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Тіркеу және багаж беру аймақтарын жаңарту шілде айында аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар халықаралық Т2 терминалында төбе жабындары жаңартылып, әуежай аумағында автотұрақтар кеңейтілуде. Бұған қоса, қонақүй құрылысына арналған алаң дайындалуда.

Horizon жобасы 130-дан астам бастаманы қамтиды. Оның ішінде ұшу-қону жолағын және отын кешенін жаңғырту, ұзындығы 4400 метр жаңа рульдеу жолын салу, сондай-ақ техникалық қызмет көрсетуге арналған ангар тұрғызу жоспарланған.

Жалпы алғанда, бұл өзгерістер әуежайды өңірдегі ірі авиациялық хабтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.