Асхат Аймағанбетов: мұғалім блогер, күзетші, мобилограф болмауы керек
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ұстаздар мәртебесі туралы заңға түзетулер даярлап, Үкіметке жолдағанын айтты.
Бұрынғы оқу-ағарту министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің кәсіби рөліне қатысты пікірін білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның айтуынша, мұғалім – мобилограф, блогер, күзетші немесе чат модераторы емес. Ұстаздың негізгі міндеті – оқушыға сапалы білім беру.
Осыған байланысты ол депутаттардың "Педагог мәртебесі туралы" заңға нақты түзетулер әзірлеп, оларды Үкімет қарауына ұсынғанын жеткізді.
Мұғалімдер үшін қандай өзгерістер бар?
1. Есеппен күрес
Қайталанатын есепке – тоқтау. Қағаз ба, цифр ма – біреуін ғана толтыру.
Сонымен қатар «Бір рет бір жүйеге енгіздің бе – жетеді»: Күнделік немесе НОБД немесе Bilimland-тің біреуіне ғана енгізілген дерек бірнеше жүйеде қайталанбауы тиіс.
2. Instagram / Facebook – тек қалауымен
Мұғалімді пост жазуға немесе блог жүргізуге мәжбүрлеуге болмайды. Бұл – тек еркімен.
Чаттар мен хабарламалар – тек ресми LMS жүйелері мен электронды поштада. Мұғалім тәулік бойы чаттарда арпалысып отыратын модератор емес.
3. Жауапкершіліктің айқын шегі
Мектептен тыс жағдайға мұғалім жауап бермейді. Ол күзетші де, детектив те емес.
Бұған қоса, біз «Мұғалімге тән емес функциялар» деген түсінікті заңда алғаш рет анық жаздық. Сонда нақты қорғану оңайырақ болады. Ол – заңдар мен еңбек туралы келісімшартта көрсетілмеген жұмыстың бәрі.
4. Мектеп – ата-ана келісімі
Мектеп пен ата-ана арасындағы келісімнің мәртебесі күшейеді. Тәрбие – ортақ іс. Бар ауыртпалық мұғалімге ғана түспеуі тиіс. Енді ата-аналар мен мектеп осы келісімшартты қатаң ұстануға міндетті болады.
5. Шынайы қорғаныс
Педагог мәртебесін бұзу үшін айыппұлдар күрт өседі.
Бұған қоса, заңға мұғалімге психологиялық пен физикалық зорлық-зомбылыққа – мүлдем жол берілмейді деген норма енгіздік.