«80 келілік айна құлаған»: Отбасылық фотосессия кезінде 4 жастағы қыз ажал құша жаздады
Бұл үшін ата-анадан фотостудия қызметкерлері сынған айна үшін өтемақы талап еткен
Отбасылық фотосессия кезінде 4 жастағы қыздың үстіне 80 келі айна құлап, ажал құша жаздады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Almaty.tv тілшісінің жазуанша, отбасылық түсірілім жазатайым жағдаймен аяқтала жаздаған. Алматыдағы фотостудиялардың бірінде төрт жастағы қыз баланың үстіне 80 келі салмақтағы айна құлап, балдырған ауыр дене жарақатын алды, деп хабарлайды Бет-аузы жырылып, қанға боялып, миы шайқалған баланың анасы кәсіп иелерін қауіпсіздік шараларына селқос қарады деп айыптаса, фотостудия қызметкерлері ауыр жағдайға тап болған отбасынан сынған айна үшін өтемақы талап етіпті.
Отбасылық сурет жасауға келген Төлегеновтер әулеті фотосессия жүріп жатқан кезде ауыр гүрсіл мен шағылған әйнектің дыбысын естиді. Сөйтсе 80 келілік айна 4 жастағы Айланаға құлап, балдырған ауруханаға шұғыл жеткізілген. Оның беті мен қабағы жарылып, миы шайқалған, жаралары терең. Баланың анасы оқыс оқиғаға айнаны дұрыс қоймаған кәсіп иелерін кінәлайды. Бірақ жазатайым жағдайдан кейін отбасы фотостудия тарапынан ешқандай жауап ала алмаған. Жәбірленуші тарап «ауыр айна қабырғаға тек сүйеліп, бекітілмеген күйде тұрған, сондықтан кез келген жеңіл қозғалыс оны құлатуы мүмкін» дейді. Қызының ауыр жарақаттарынан кейін күйзелген отбасы заңгерлердің көмегіне жүгінді.
Оқыс жағдайдан соң қыздың анасы фотостудияға қайта оралып, иесімен сөйлесуге тырысқан. Алайда оның айтуынша, студия қызметкері кешірім сұраудың орнына айна үшін өтемақы талап етіп, дөрекі сөздер айтып, әйелді балағаттаған.
Төрт жастағы баланың ауыр жарақат алған суреттері желіге тарап, халық арасында қызу талқыға түсті. Бірі бұл жағдайға ата-ана жауапты десе, енді бірі фотостудияда қауіпсіздік талаптары сақталмағанын жазған.
Біз студия иесіне хабарласып, түйткілді мәселенің анық-қанығын сұрап, анықтағымыз келді. Бірақ қожайыны жауап беруден бас тартты. Бірнеше күннен кейін ресми жауап жазып, парақшасына жүктеді.
Жалпы тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер арасындағы заң түйткілдерінің аражігін ажыратып, дұрыс-бұрысын анықтау кей жағдайда оңай емес. Заңгерлердің айтуынша, ең басты фактор – қызмет алушының әрекетін дұрыс бағалау.
Ауыр жарақат алған балдырғанға бірнеше маманның медициналық көмегі қажет болуы мүмкін. Заңгерлер бұл істің Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша тергелуін талап етеді.