Елімізде

«Қайын атасы депутат». Жаңадан тағайындалған Цифрлық даму министрі туралы не білеміз

Жаслан Мәдиев «Болашақ» бағдарламасының түлегі

Бүгін түстен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаслан Мәдиевті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындады. jambylinfo.kz ашық дереккөздерге сүйеніп, жаңа орынға жайғасқан Жаслан Мәдиев туралы ақпарат жинап көрді.

Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматыда туған. Қазақстанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін оқыса, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Колумбия университеті Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін «Экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша оқып бітірген.   

Қазақстанда әртүрлі мемлекеттік және қаржы ұйымдарында қарапайым қызметкерден бастап төрағаға дейінгі лауазымдарды атқарған.

Үйленген. Ал, әйелі Майра Тұрғанова –  сегізінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың қызы. Дүйсенбай Тұрғанов әр жылдары Қаратау қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі, Атырау қаласының әкімі, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары, - «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған.

Қазір Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі.