Елімізде

Қазақстан мен Моңғолия туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрі Алдаржавхлан Жуковпен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Тараптар туризм және спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен одан әрі дамыту перспективасын талқылады.

Министр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы серіктестіктің әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, ұлттық спорт түрлерін дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы өзара іс-қимылдың маңызына тоқталды.

Кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастық та сөз болды. Астанада ашылатын Ұлттық спорт университетінің әлеуеті таныстырылып, шетел азаматтарын жаңа университетке қабылдау басталғаны айтылды. Университет спорт ғылымы, медицина және цифрлық технологияларды біріктіретін заманауи ғылыми-білім беру орталығы болады.

Сонымен қатар туризм саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды. Министр екі ел арасындағы туристік ағынның тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. 2023-2025 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға келушілер саны жыл сайын 40 мыңнан асып, Қазақстан азаматтарының Моңғолияға сапары да артқан.

Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың мемлекеттік сапары аясында 2026-2027 жылдарға арналған екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоспарына қол қойылғаны да атап өтілді.

Кездесу қорытындысында тараптар туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және тәжірибе алмасуды кеңейтуге дайын екендерін растады.