Елімізде

Қазақстан мен Қытай су шаруашылығы саласының мамандарын даярлайтын бірлескен колледж құруды пысықтап жатыр

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстан мен ҚХР еліміздің су шаруашылығы саласына жұмысшы кадрлар даярлайтын бірлескен колледж құруға бағытталған іс-шараларды іске асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Атап айтқанда, колледжді құрудың ұйымдастырушылық-құқықтық моделін әзірлеу, су шаруашылығы саласының қажеттіліктерін ескере отырып, басым бағыттағы мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын дайындау және келісу көзделген. Сондай-ақ су шаруашылығы объектілерінде өндірістік тәжірибеден өтіп, дуальды оқытуды енгізу және оқу жоспарларын, зертханалық базаны және біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеуге қытайлық серіктестерді тарту көзделеді.

Бұдан бөлек, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру, оның ішінде қысқамерзімді тағылымдамалар мен оқу модульдерін өткізу, сондай-ақ түлектердің біліктілігін тану және оларды су шаруашылығы саласындағы ұйымдарға одан әрі жұмысқа орналастыру мәселелерін пысықтау қарастырылған.