Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейнінде ауқымды ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Француз даму агенттігінің (AFD) гранты есебінен Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті Сырдария өзені бассейнінде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы аумағында ауқымды зерттеулер ұйымдастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бассейн аумағын гидромодульдер бойынша аймаққа жіктеу климаттық деректерге, топырақ сипаттамаларына және өзге де табиғи, сондай-ақ ирригациялық-шаруашылық ерекшеліктерге сәйкес қайта түзетіліп жатыр.
Қазақстанда жоба аумағы Түркістан облысында 550 мың гектар және Қызылорда облысында 254 мың гектар суармалы жерді қамтиды. Деректерді дәл әрі толық жинауды қамтамасыз ету мақсатында спутниктік зерттеулермен қатар толық ауқымды жерүсті зерттеулері мен өлшеулер басталды. Жерүсті далалық зерттеулер мен бақылаулар Түркістан және Қызылорда облыстарындағы төрт пилоттық учаскеде жүргізіліп жатыр.
Жобаға Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Өзбекстанда орналасқан Орталық Азия Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Ғылыми-ақпараттық орталығы қатысуда. Сырдария өзені бассейнін гидромодульдер бойынша аймаққа жіктеу геоақпараттық жүйелер мен Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Зерттеу нәтижелерін суармалы егіншілікті дамыту жоспарларын әзірлеу барысында, соның ішінде су ресурстарын тұтынуды оңтайландыру, Сырдария бассейнінде суды пайдалану тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін көбейту, топырақтың тұздануы мен жер деградациясын азайту, сондай-ақ өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында пайдалану жоспарда бар. Жобаны 2026 жылы аяқтау көзделіп отыр.