Қазақстанда Адай жылқы тұқымының 1300 басы ғана қалған
Бұл туралы бүгін Мәжілісте депутат Айдарбек Қожаназаров мәлім етті
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері туралы заңды қабылдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Айта кетейік, бұл құжат Парламент депутаттарының бастамашылығымен дайындалған. Осы заңға бастамашы болған депутаттың бірі Айдарбек Қожаназаров жалпы отырыста баяндама жасап, басты мақсат – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру және асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту екенін айтты.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көпжылдық еңбегі далаға кетудің аз-ақ алдында тұр.
Депутат атап өткендей, заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау көзделген.
Олар – асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу, асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу және оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу.