Елімізде

Қазақстанда алдағы күндері ауа райы қандай болады

Алдағы күндері ел аумағында ауа райы күрт құбылады.

Суық антициклонның орнын оңтүстіктен жылжыған жылы циклон басып, елдің басым бөлігінде жауын-шашын, боран және көктайғақ болады деп күтілуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Синоптиктер бұл құбылыс жыл соңында бірқатар өңірде ауа райын айтарлықтай өзгертуі мүмкін екенін ескертеді.

30–31 желтоқсан күндері Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Ұлытау облыстарында жауын-шашын алдымен жаңбыр түрінде басталып, кейін қарға ауысады. 

Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде жауын-шашын негізінен жаңбыр түрінде жауады деп болжануда.

Республика бойынша тұман түсіп, желдің екпіні күшейеді. Әсіресе ашық аймақтарда боран соғып, көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін. 

Температуралық фон да айтарлықтай өзгереді. 30 желтоқсанда елдің солтүстігі мен орталығында, сондай-ақ 30–31 желтоқсанда шығыс өңірлерде күндізгі ауа температурасы 2 градус аяздан 3 градус жылуға дейін көтеріледі. Бұл қыс мезгілі үшін әдеттен тыс жылымық саналады.

Ал республиканың оңтүстігінде жыл соңында нағыз көктем лебі сезілуі мүмкін: 30–31 желтоқсанда ауа температурасы 5–15 градусқа дейін жылынады деп күтілуде.