Қазақстанда аммиак пен карбамид өндіретін зауыт салынады

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді
Қазақстанда аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың құрылысы басталды, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жобаның құны – 1,35 миллиард доллар. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Зауытты QazaqGaz және ESTA компанияларының бірлескен кәсіпорны – Qazesta Fertilizers Ltd салады. Кәсіпорынның орналасатын жері ретінде Маңғыстау облысы таңдалды.
"Қазір Қазақстанда үш түрлі тыңайтқыш өндіріледі: аммиак селитрасы, аммофос және аммоний сульфаты. Ғылыми негізделген сұраныс 3,2 миллион тоннаны құраса, отандық өндіріс оның тек жартысын ғана қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру импортқа тәуелділікті азайтып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді", – деді үкімет өкілдері.
Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 700 мың тонна карбамид пен 42 мың тонна аммиакты құрайды. Құрылысты үш жарым жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.