Қазақстанда құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу жасы 21-ден 25 жасқа ұлғаяды
Мәжіліс ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Заң жобасы бойынша жеке тұлғалардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысу жасы 21-ден 25 жасқа дейін ұлғаятын болды. Сонымен қатар, алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтардың, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалардың құмар ойын ойнауына тыйым салынады.
Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылар құмар ойындар мен бәс тігудің тәуекелдері мен зияны туралы хабарлауы керек.Талаптарды орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.