Елімізде

Қазақстанда қоқыстан шыны ыдыстар мен көлік бамперлері шығарылады

Жобаларды жүзеге асыру үшін 232 млрд теңгеден астам қаражат қажет

Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары салынады. Қоқысты қайта өңдеу нәтижесінде брусчатка, люк, шыны ыдыстар мен көлік бамперлері сияқты тұтыну тауарлары шығарылады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Оның айтуынша, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алу үшін сапалы қайталама шикізат қажет. Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияны, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет. 


Осыған байланысты үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекітті. Ол – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын салуға бағытталған. 


Экология министрлігінің жанынан құрылған Жобалық топ барлық әкімдікпен  және салалық бизнес өкілдерімен кездесу өткізген. Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтың қазіргі жағдайын талдауға және жобалардың тиімділігіне баса назар аударылған. 


Сондай-ақ, Нысанбаев атап өткендей, қалдықтарды басқарудың маңызды бөлігі – жеткілікті деңгейде контейнерлер мен қоқыс таситын көліктермен қамтамасыз ету. 


Әкімдіктердің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні елімізде 133 мың дана контейнер бар, ал қосымша қажеттілік 60 мың дананы құрап отыр. Ірі қалаларда 1681 қоқыс таситын көлік қызмет етеді, қосымша қажеттілік шамамен 900 дананы құраса, оның 223 данасы инвестициялық жобаларда ескерілді, деп жалғастырды сөзін ведомство басшысы.   


Бұған дейін президент үкіметтің кеңейтілген отырысында инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу туралы тапсырма берген болатын.