Қазақстанда суару маусымы қорытындыланды: егістікке 11 млрд текше метр су берілді
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов вегетация кезеңінің қорытындысы бойынша аппарат кеңесін өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
2025 жылғы суару маусымында ел бойынша жалпы 11,01 млрд текше метр су алынды, оның 98%-ы оңтүстік өңірлерге тиесілі.
Алматы облысында 136 мың гектар жер суарылып, шаруалардың қажетіне 1,6 млрд текше метр су алынды. Жетісу облысында 140 мың гектар егістік алқаптары суарылып, су алу көлемі 1,2 млрд текше метр болды. Жамбыл облысында шамамен 79 мың гектар жер суарылды, ал шаруаларға Тасөткел су қоймасынан, Шу және Талас өзендерінен барлығы 1 млрд текше метр шамасында су алынды.
Қызылорда облысында вегетация кезеңі қорытындысы бойынша 3,5 млрд текше метр су пайдаланылып, 125 мың гектар егістік жер суарылды. Түркістан облысында шамамен 400 мың гектар жерге су беріліп, жалпы көлемі 3,4 млрд текше метр су алынды.