Қазақстанда тапшылық болмаған кезде «әлеуметтік картопқа» миллиардтаған теңге жұмсалған
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақтандыруға бөлінген қаржының тиімсіз пайдаланылғанын анықтады.
Ведомство мәліметінше, картоп тапшылығы болмағанына қарамастан, 5,1 миллиард теңге әлеуметтік картоп сатып алуға жұмсалған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Агенттік өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы бағаны реттеу тетігін талдап, оның жүйелі кемшіліктерін анықтаған. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, бұл тетік тиімді жұмыс істемейді және бәсекелестік қағидалары жиі бұзылады.
«Бюджет есебінен сатып алынған өнімнің барлығы сауда желілеріне жетпеген. Екі жыл ішінде сатып алынған көлемнің тек 19 пайызы ғана сатылған. Тіпті 2021 жылы алынған кейбір өнім әлі күнге дейін қоймада жатыр», – делінген хабарламада.
Кейбір өңірлерде несие келісімдері бірнеше рет ұзартылып, шарттар орындалмағанына қарамастан, ешқандай шара қолданылмаған. Мысалы, бір кәсіпкерге 489 миллион теңге беріліп, қаражат қайтарылмаған күйі келісім қайта-қайта ұзартылған. Осындай жағдайлар жалпы сомасы 1,3 миллиард теңге болатын несиелер бойынша да тіркелген. Кейбір компаниялар тіпті пайызсыз несие алып, негізсіз жеңілдіктерге ие болған.
«Қаражаттың тиімсіз жұмсалғаны анықталды. Баға төмен болған (қазан–сәуір) кезеңде картоп сатып алуға 5,1 млрд теңге бөлінсе, ал тапшылық байқалған (мамыр–шілде) айларында тұрақтандыру шаралары қолданылмаған», – деді агенттік өкілдері.
Тексеру қорытындысы бойынша бір ӘКК-ге 300 АЕК (1,18 млн теңге) айыппұл салынды, тағы бірнеше корпорацияға бәсекелестік заңнамасын бұзғаны үшін ескерту жіберілді.