Елімізде

Қазақстанда Tik-Tok желісін шектеу керек пе? Сарапшылардың пікірі

Жуырда хабарлағынымыздай, Ақтөбеде ер адам TikTok желісі арқылы 8-11 жас аралығындағы оқушы қыздарды алдап, олардың жалаңаш суреттері мен видеоларын 10 000 теңгеге сатып алған. Одан әрі қаскөй материалдарды порнографиялық сайттарға қайта сатып, қыруар ақша тапқан.

Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Эльмира Қойлыбаева Тік-Ток қосымшасы желі қолданушыларының миын улап жатыр деген пікірде. Қазақи тәрбиеден тысқары, адамдықтан ада контенттер тек жастар ғана емес, қарттардың өзін қызықтыратын болған дейді ол. Депутат егер елімізде Тік-Tок желісіне шектеу қоятын заң жобасы жасалса, қолдайтынын айтады, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Эльмира Қойлыбаева облыстық мәслихаттың депутаты, мектеп директорының міндетін атқарушы болып қызмет етеді. Оның айтуынша, аталған қытайлық қосымшаның мектеп оқушыларының біліміне әсері бар. Ондағы қысқа дерек пен әртүрлі контент жасөспірімдердің санасын жетілдірмейді дейді депутат.

Ал, журналист, блогер Құралай Сейсенбекқызы Тік-Tok желісінің тұрақты қолданушысы. Ол көбіне өзі өскен ауылы, ағайын-туыстарының арасындағы ұмытылмас сәттерді желіге жүктеп, миллиондаған қаралым жинаған. Оның айтуынша, қытайлық қосымшада арсыздық ашық жарияланады. Сондықтан, жастарға берер пайдасы аз дейді ол. Блогер желідегі контентті қатаң түрде реттеу үшін комиссия құру керек деп санайды.

Жамбыл облысы Жамбыл ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Әлия Қырықбаева аталған қосымшаның ұрпақ тағдырына қатер төндіретінін айтып, бұл желі бүлдіршіннің өзін «баурап» алады дейді.

Айта кетейік, АҚШ Конгресінің төменгі палатасы TikTok АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін деп аталған қосымшаны ел аумағында шектеуді қолға алып жатыр. Осылайша қытайлық қосымшаны бұғаттау туралы заңды 352 депутат қолдаса, 65-і қарсы болды.