"ҚазАвтоЖол" заманауи қоршаулармен жол қауіпсіздігін арттыруда
Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында айналмалы роликтері бар жаңа қоршау жүйелері орнатылып жатыр. Мұндай нысандардың бірі Астана қаласының айналма жолында орналасқан, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Роликтер соққы кезінде сынбайтын, керісінше айнала отырып, соқтығыстың күшін жұмсартатын берік материалдан жасалған.
«Аунақшалардың қанық сары немесе қызғылт сары түсі мен жарық қайтарғыш қабаты оларды кез келген уақытта және ауа райы жағдайында жақсы көрінетіндей етеді, бұл жүргізушілердің жол жағдайын алдын ала бағалауына мүмкіндік береді», – дейді ұлттық компания өкілдері.
Мамандардың айтуынша, бұл қоршаулар еліміздің жол инфрақұрылымын жаңғыртуға және қауіпсіз көлік қозғалысын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі таңда олар оң нәтиже көрсетуде және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жөніндегі халықаралық тәжірибеге толықтай сәйкес келеді.
Сонымен қатар, роликті қоршаулар жеңіл апаттардан кейін оңай жөнделеді және оларды қалпына келтіру дәстүрлі металл қоршауларға қарағанда арзанырақ.