БҚО-да Киров су қоймасының қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында Киров су қоймасына жүргізіліп жатқан күрделі реконструкция жұмыстары соңғы кезеңге таяды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл нысан 58 жылда алғаш рет жаңартылып отыр.
Жоба аясында ұзындығы 8 шақырымнан асатын «Көшім» каналы мен 3 шақырымдық су қоймасы бөгеті қалпына келтірілуде. Сонымен қатар Первомай, Бударин және Киров–Чижин каналдары жөнделіп жатыр. Бұдан өзге 2,2 шақырымдық екі электр желісі мен 3,77 шақырым сыртқы жарықтандыру жүйесі тартылып, бейнебақылау, автоматтандырылған ескерту жүйелері және бақылау-өткізу пункттері орнатылуда.
Киров су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Жалпы сыйымдылығы – 62,9 млн текше метр. Бұл нысан Орал–Көшім суару және суландыру жүйесінің маңызды бөлігі саналады.