БҚО-да жылқы ұрлап, оны көлікке айырбастаған күдікті қолға түсті
Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады.
Батыс Қазақстан облысында 7 бас жылқыны ұрлап кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бөкей ордасы ауданының тұрғыны өзінің жылқылары жоғалғанын айтып, полицияға шағым түсірген. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ұрланған мал Орал қаласындағы мал сою орындарының бірінен табылды.
Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары күдіктінің 4 жылқыны сойып қойғанын анықтады. Мал иесі табылған жылқылардың өзіне тиесілі екенін растады.
Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады. Тергеу барысында күдіктінің ұрланған жылқыларды кейін автокөлікке айырбастағаны белгілі болды. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.