Балаларды қоғамдық көліктен түсіріп тастайтын жүргізушілерге айыппұл салынады
Тиісті норма көзделген заң жобасын мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады
Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін жүргізушілер мен кондукторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасына сәйкес, 16 жасқа толмаған баланы автобустан және өзге де қоғамдық жолаушылар көлігінен мәжбүрлеп түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылған.
Сондай-ақ заң жобасында әр ауданда Отбасын қолдау орталықтарын ашу, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру, психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін 111 байланыс орталығын құру, зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, қорқытуға ұшыраған кәмелетке толмағандарға көмек көрсету бағдарламаларын әзірлеу ұсынылып отыр.
Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.