Елімізде

Биыл 6 жаңа ақылы жол телімі іске қосылады

Бұл туралы Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев мәлім етті.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев елімізде ақылы автомобиль жолдары инфрақұрылымын дамыту бойынша кезең-кезеңмен жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның айтуынша, елімізде жалпы ұзындығы 4 мың 900 шақырым болатын 26 ақылы жол телімі жұмыс істеп тұр.

Биылғы жылы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 6 жаңа учаскені іске қосу жоспарлануда. 

Олар:

Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал – 554,6 км; 

Бурылбайтал-Құрты – 226,4 км;

Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат – 89 км; 

Талдықорған-Өскемен – 773 км;

Атырау-Астрахань – 277 км; 

Мерке-Шу-Бурылбайтал – 78 км.

Жиында ақаулары бар ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысын алуды тоқтата тұру бойынша норма енгізілгені атап өтілді, мәселен, ақаулардың тіркелген көлемі 1 миллион 100 мың шаршы метрді құрайды, барлығы 14 учаске - 477 км, олар бойынша жол-құрылыс маусымының басталмақ.

Сондай-ақ, жол пайдаланушылардың өтініші бойынша ақылы жолдармен жүру үшін ақы төлеу мерзімін 7 күннен 30 күнге дейін ұзарту нормасы енгізілмек, тиісті түзетулер уәкілетті органдарда келісілуде.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ақылы жолдардан 87 миллиард теңге жиналды және бұл қаражат толығымен ақылы учаскелерді күтіп ұстауға бағытталды (2024 жылы – 48 млрд.теңге).

Мәселен, ақылы учаскелерден түскен табыс 1 мың 456 бірлік мамандандырылған техника мен жабдық сатып алуға, 354 мың шаршы метр жол төсеміне ағымдағы жөндеу жүргізуге, сондай-ақ 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материалдарды пайдалануға жұмсалды.

Автомобиль жолдарының бүлінбеуін қамтамасыз ету мақсатында автоматтандырылған өлшеу стансаларын (АӨС) орнату бағдарламасы дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 24 АӨС орнатылған, осылайша олардың жалпы саны республикалық жолдарда 46 бірлікті құрады. 2028 жылға дейін 102 жаңа АӨС орнату жоспарлануда.

Осы жоба шеңберінде объектілердің трекингін, ЖКО туындау жағдайларын, жануарлардың жол бойына шығу жағдайларын қадағалау, ауа райының өзгеруін және жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларын автоматты бағалау мүмкіндігі бар жасанды интеллект элементтерін енгізу көзделіп отыр. 

Бұдан басқа, жол бойындағы сервисті дамытуға назар аударылуда – қазіргі уақытта сервис объектілерінің жалпы саны 1 421 бірлікті құрайды.

2023-2025 жылдар аралығында жол бойындағы сервистің жоғары форматтағы 123 жаңа нысаны пайдалануға берілді. Биыл жеке инвестициялар тарту есебінен тағы 37 нысан ашу жоспарлануда.