«Болашақ» бағдарламасы аясында атом энергетикасы мамандары білім алады
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Басқосу барысында халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар конкурстарының тізбесі қаралды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Енді аталған зияткерлік додалардың жеңімпаздары «бакалавриат» бағыты бойынша «Болашақ» стипендиясына үміткер бола алады.
Талқылау қорытындысында тізбеге математика, физика, химия, биология және басқа да жалпы білім беретін пәндерден өтетін белді халықаралық олимпиадаларды қосу ұсынылды.
Кейінгі 3 жылда 76 қазақстандық оқушы жалпы білім беретін пәндерге арналған халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған.
Сондай-ақ отырыс барысында бағдарламаға жаңадан қосылған «атом саласы қызметкерлері» санаты бойынша конкурстық іріктеуге қатысушыларға қойылатын талаптар мен өлшемшарттар талқыланды. Біліктілігі жоғары кадрларды даярлау отандық атом өнеркәсібін сапалы дамытудағы маңызды қадамның бірі болады.
Жиын соңында Ғылым және жоғары білім министрлігіне және Халықаралық бағдарламалар орталығына «Болашақ» бағдарламасы аясындағы конкурстық іріктеудің тетіктерін одан әрі жетілдіру жөнінде нақты хаттамалық тапсырмалар берілді.