Елімізде

Елде мүгедектікті белгілеудің жаңа форматы қолданысқа енді

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді

2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы (МӘС) сырттай жүргізу пилоттық жоба ретінде енгізілді. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінен 78,8 мың өтінім осы форматта қаралды. Қазіргі таңда сырттай куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

2024 жылы да бұл тәсіл кеңінен қолданылған болатын: сырттай форматта 96,9 мыңнан астам өтінім қаралды. Бұл мүгедектігі бар азаматтардың жалпы куәландырудан өткен санының 37,4%-ын құрады.

Аталған бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасауды, қағазбастылық пен артық рәсімдерді жоюды және қызмет алушының түрлі мекемелерге барып әуре-сарсаңға түспеуін қамтамасыз етуді тапсырған еді.

Осыған орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, елдің барлық 20 өңірінде сырттай МӘС жүргізуді пилоттық режимде іске асыруда.

Енді мүгедектік тобын белгілеу үшін азаматтарға тек тұрғылықты жеріндегі емханаға барып, қажетті тексеруден өту жеткілікті. Қалған барлық рәсімдер ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Сырттай куәландыруға көшу:

бюрократиялық кедергілерді азайтады;

сараптамалық шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді;

қызметті үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;

қызмет алушы мен қызмет көрсетушінің тікелей байланысын болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.