Елімізде

Елдің оңтүстік өңірлерінде 65 мың гектар жерді суаратын 103 каналды автоматтандыру жұмысы бастады

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту аясында елдің оңтүстік өңірлерінде жалпы ұзындығы 968 шақырым болатын, 65 мың гектар жерді суаратын 103 ирригациялық каналды автоматтандыру жұмысы басталды.

Сонымен қатар осыған дейін реконструкциядан өткен, жалпы ұзындығы 1184 шақырым болатын 270 канал да автоматтандырылып жатыр. Бұдан бөлек, автоматтандыру элементтері мен заманауи су есептеу жүйелерін енгізуді қамтитын ирригациялық каналдарды реконструкциялау бойынша 264 жобаға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленуде.

Бүгінде министрлік әзірлеген Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 22 мың су нысанын қамтып отыр. Оның ішінде 17 мыңнан астам өзен, 4 мыңға жуық көл және гидротехникалық нысандардың 60%-ы бар. Жыл соңына дейін 6 мыңнан астам каналды цифрландыру және гидротехникалық нысандарды қамту деңгейін 100%-ға жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар елдің бірыңғай су балансы қалыптастырылады. Бұл су шаруашылығы учаскелері бөлінісінде нақты су ағынын, су қоймаларындағы жинақ көлемін және суды тұтыну деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді. Гидротехникалық құрылысжайлар мен су нысандарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда. Ғарыштық мониторинг пен гидробекеттердің деректері интеграцияланып жатыр.