Елімізде -35 дейін аяз күтіледі
Бұл туралы "Қазгидромет" РМК мамандары мәлімдеді
Алдағы күндері оңтүстік циклон шығыс бағытта жылжып, Қазақстан аумағының басым бөлігін қамтиды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Соның әсерінен елдің көп өңірінде қар жауады. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда жауын-шашын жаңбыр мен қар түрінде түсуі мүмкін.
Синоптиктердің мәліметінше, кей жерлерде боран соғып, көктайғақ қалыптасады, желдің күшеюі де күтіледі. Бұл жағдай жол қозғалысына және күнделікті тіршілікке өз әсерін тигізуі ықтимал.
Сонымен қатар, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлер антициклонның ықпалында болады. Бұл аймақтарда ауа райы салыстырмалы түрде тұрақты: тынық, аязды және негізінен жауын-шашынсыз болады.
Кезеңнің басында батыс және солтүстік облыстарда қатты аяз сақталады. Түнгі ауа температурасы -20…-35°С-қа дейін төмендейді. Кейінірек бұл өңірлерде ауа температурасының біртіндеп жоғарылауы болжанып отыр: түнде -7…-20°С, ал күндіз -2…-12°С шамасында болады.
Ал орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде, керісінше, ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Түнде -3…-18°С, таулы аймақтарда -15…-23°С-қа дейін суытады. Күндізгі температура 0…-7°С аралығында болса, таулы жерлерде -8…-15°С-қа дейін төмендейді.
Мамандар тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайларына дайын болуға, әсіресе жолға шығу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.