Елімізде

Елімізде мүгедектігі бар адамға кім жеке көмекші бола алады және бұл қызметтердің ақысы қалай төленеді?

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстанда өздігінен жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға абилитация және оңалту бағдарламасына сәйкес жеке көмекшінің қызметтері көрсетіледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл көмекшілер азаматтардың дәрігерге, мемлекеттік және әлеуметтік ұйымдарға баруына, үйден тыс жерлерге шығуына әрі күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін өтеуіне қолдау көрсетеді. Жеке көмекші әр азаматқа абилитация және оңалту жөніндегі жеке жоспарға сәйкес белгіленеді.

Қызметті қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүргізіледі және ол заңнамаға сай жасалатын келісім негізінде көрсетіледі. Сонымен қатар жеке көмекшілер үшін міндетті әлеуметтік төлемдер мемлекет тарапынан аударылады, бұл кезең кейін зейнетақы есептеу барысында еңбек өтілі ретінде ескеріледі.

Егер I топтағы мүгедектігі бар адамға жеке көмекші тағайындалмаса, оған тұрақты түрде күтім жасап отырған тұлғаға ай сайын арнайы жәрдемақы төленеді. Бұл төлем республикалық бюджеттен қарастырылып, күтім міндетін алған отбасыларды қолдауға бағытталған.

Сондай-ақ 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, I топтағы мүгедектігі бар азаматтың жұбайы зейнет жасында болса да, жеке көмекші ретінде қызмет атқара алады.

Министрлік мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтіп, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына және өмір сапасын жақсартуға арналған шаралар кезең-кезеңімен жетілдірілетінін жеткізді.