Еліміздің шаруаларына суару маусымы басталғалы шамамен 6,4 млрд текше метр су берілді
Жамбыл облысында шаруаларға 390 млн текше метр су берілді
«Қазсушар» филиалдары суару маусымында еліміздің шаруаларына 6,37 млрд текше метр су берді. Бүгінгі таңда дихандармен суармалы су беру жөнінде 24 мыңға жуық келісімшарт жасалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, Қызылорда облысының шаруаларына 2,86 млрд текше метрден астам су берілді. Түркістан облысының шаруаларына шамамен 1,46 млрд текше метр, Жетісу облысының дихандарына 832,4 млрд текше метр су берілді.
Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы жергілікті шаруаларға 390 млн текше метр су берді, «Үлкен Алматы Каналы» филиалы дихандарға 349 млн текше метр су берсе, Қ.Сәтбаев атындағы каналдан 316 млн текше метр су жіберілді.
Барлық облыста суару кезеңі штаттық кестеге сай өтіп жатыр. Өңірлерде су тапшылығы байқалмайды.
Осыған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстанмен жарты жыл ішінде Қазақстанға Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су жіберу туралы мәмілеге келген еді. Суару кезеңінің соңына дейін өзбек тарапы тағы 500 млн текше метр су жібереді.
Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу туралы келісім жасалған болатын.