Енді азаматтар көзін емдету үшін зейнетақы қаржысын пайдалана алмайды
Бұл өзгеріс Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес енгізіліп отыр
Enpf-otbasy.kz платформасы 4 желтоқсаннан бастап офтальмологиялық қызметтерге біржолғы зейнетақы төлемдерін бағыттау жөніндегі өтінімдерді қабылдамайтын болды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ал осы уақытқа дейін жіберілген өтінімдер бұрынғы ереже бойынша қарастырылады.
Бұл өзгеріс Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес енгізіліп отыр. 3 желтоқсанда жарияланған бұйрыққа сай, зейнетақы жинағын енді стоматологиялық та, офтальмологиялық та қызметтерге жұмсауға тыйым салынды.
Стоматологияға рұқсат тоқтаған соң офтальмологияға сұраныс күрт өсіп, 1 264 өтінімге дейін жеткен.
Банк тексерісі барысында күмәнді жағдайлар да анықталған. Бір клиникамен шарт жасасқан түрлі клиенттердің құжаттарында сол клиниканың мекенжайы әр қалада әртүрлі көрсетілген. Ал тексеру кезінде аталған мекенжайларда мұндай медициналық ұйымның жоқ екені белгілі болған, деп хабарлады Отбасы банк.
Соған қарамастан, азаматтар жинақтарының қолжетімді бөлігін бірқатар маңызды әрі қымбат медициналық қызметтерге әлі де пайдалана алады. Оларға мыналар кіреді:
– сирек кездесетін (орфандық) ауруларды емдеу;
– реконструктивтік және қалпына келтіру операциялары;
– радио-йод және радионуклидті терапия;
– радиохирургиялық емдеу;
– протондық терапия.