Инфрақұрылым толық дайын: Қазақстан өндірістік-логистикалық хабтардың жаңа картасын қалыптастыруда
Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.
Қазақстанда бес трансшекаралық хабты дамыту үшін инженерлік және аумақтық база толығымен дайын. Негізгі алаңдар кеңейтілді, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеу мерзімі ұзартылды, ал базалық коммуникацияларды бірқатар нысанға жеткізу осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жаңа логистикалық тораптардың құрамына төрт арнайы экономикалық аймақ пен екі индустриялық аймақ кіреді. Олар – «Хоргос – Шығыс қақпасы», «Хоргос» ХШЫО», «Ақтау теңіз порты» және «TURAN» экономикалық аймақтары және «Индустриалды сауда-логистикалық кешен» мен «Еуразия» индустриялық аймақтары.
Вице-министр осы аймақтарға бизнестің келуіне мемлекет «жұмсақ климат» жасап қойғанын атап өтті: дайын инфрақұрылым мен фискалды ынталандыру жобаларды тез іске қосуға мүмкіндік береді.